Қазақстан Ұлттық Банкі

Интернет-ресурстың мобильді нұсқасы

Ұлттық Банк хабарлайды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышевтың Америка сауда палатасының мүшелері алдындағы баяндамасы Алматы, 2017 жылғы 14 маусым

Қазақстан Республикасы

 Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышевтың

Америка сауда палатасының

мүшелері алдындағы баяндамасы

Алматы, 2017 жылғы 14 маусым

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Ұлттық Банктің атынан Америка сауда палатасы қамқорлығындағы кездесуге барлық қатысушыларға қош келдіңіздер дей отырып, танытқан қызығушылықтарыңыз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.

Біз өз жағымыздан өзара іс-қимылдың осы тұғырнамасын қолдауға мүдделіміз, ол бизнес қоғамдастықты біздің жоспарлар мен іс-әрекеттер туралы хабардар етуге, орын алып отырған жағдайларға қосымша қарауға және сіздердің түсініктемелеріңізді алуға мүмкіндік береді.

Ұлттық Банк елдің орталық банкі ретінде жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып уақтылы шаралар қабылдау үшін ел ішіндегі ғана емес, сол сияқты одан тыс жерлердегі үрдістерді жіті қадағалап отырады.

Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа тығыз ықпалдасатын шағын ашық экономикасы бар ел болып табылады. Әлемдік аренадағы экономикалық, саяси және басқа оқиғалар қалай болғанда да Қазақстанның дамуына әсер етеді. Сондықтан мен әлемдік экономикадағы заманауи үрдістерге және әлемде болып жатқан оқиғалар бойынша байқауларымызға аз ғана тоқталғым келіп отыр.

Соңғы жылдары дамушы елдердің нарықтары әлемдік экономикада барынша елеулі рөл атқара бастады. Дамушы нарықтардың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 60%-ды құрайды, ал 10 жыл бұрын ол 49%-ға тең болды.

Дамушы нарықтардың әлемдік ІЖӨ-нің өсуіне қосқан үлесі 2008 жылдан бастап 80%-ды құрады, және орташа алғанда дамушы елдердің ІЖӨ өсуі дамыған елдердің өсуінен үнемі асып отырады.

Демография маңызды фактор болып табылады. Дамушы нарықтар халқы әлемдік нарықтың 85%-ын құрайды және оған 30 жасқа дейінгі жас тобындағы жұмысқа қабілетті адамдардың 90%-ы тиесілі. Сонымен қатар дамушы нарықтардағы орта кластың үлесі кеңейеді, бұл осындай елдердің әлемдік тұтынуға қатысуының өсуіне әкеп соғады.

2001 жылдан бері G7 елдерінің мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 4,3% (АҚШ долларымен) болған кезде дамушы нарықтардың инвестициялық деңгейдегі тәуелсіз облигацияларының орташа жылдық кірістілігі 6,6%-ды құрады.

Өсу кезеңінің ұзақ болғанына қарамастан, дамушы нарықтар әлі де өзгеру сатысында тұр және кейбір тәуекелдермен сипатталады. Дамыған елдермен салыстырғанда ішкі тәуекелдер ішінде бірқатар елдердегі саяси ахуалдың тұрақсыздығы, заң жүйесінің әлсіз дамуы және экономиканың төмен әртараптандырылуы атап өтіледі.

Ұлттық Банк Парсы шығанағында болып жатқан соңғы оқиғаларды мұқият қадағалап отыр. Біз барлық мәселе шешіліп, қақтығыс реттеледі деп сенеміз.

Дамушы нарықтардың ықпал ету дәрежесі артқанымен, дамыған елдердің саясаты, оның ішінде монетарлық саладағы саясаты айқындаушы мәнге ие.

АҚШ-тың Д. Трамп президенттігімен жаңа саясаты әлемдік экономикаға негізгі үш арна арқылы ықпал етуі мүмкін:

1)            Фискалдық ынталандыру, ол ғаламдық өсу және шикізат тауарларының бағасына қолдау көрсету әсерін тигізуге тиіс;

2)            Протекционизмнің жоғары ықтималдылығы, бұл дамушы  нарықтардың, атап айтқанда АҚШ-пен тауар айналымы жоғары нарықтардың экономикаларына теріс әсер етуі мүмкін;

3)            АҚШ долларының нығаю ықтималдылығы, бұл қарыз алу құнына теріс әсер етуі мүмкін. Мәселен, АҚШ ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерінің көтерілуі маңызды фактор болып табылады.

Еуроаймақтың маңызды тәуекелдерінің бірі Ұлыбританияның ЕО-дан (Брексит) шығуы туралы шешімнің қабылдануы, ЕОБ тарапынан теріс пайыздық мөлшерлемелер саясатының қаржы жүйесіндегі ахуалға ықпалы, сондай-ақ банк секторындағы Италияның проблемалары болып табылады.

Сондай-ақ 2017 жылы Францияда өткен сайлауға қарамастан, Еуроаймақ елдерінде саяси белгісіздік бар. Нидерландтағы парламенттік сайлау, Германиядағы федералдық сайлау ағымдағы экономикалық ахуалға теріс ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты Ұлттық Банк елдің экономикалық даму барысына әлеуетті ықпал етуі мүмкін оқиғаларды тұрақты зерттеп, талдайды. Бұл Ұлттық Банктің ақша-кредиттік реттеу саласындағы саясатына және сол сияқты алтынвалюта резервтерін басқару процестеріне қатысты.

Қазақстанның экономикасындағы ахуалға қайта оралатын болсақ, сыртқы нарықтардағы ахуалдың бізге қолайлы әсер ететіндігін және оң үрдістерге ықпал ететінін атап өткен жөн. Мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұрақтанды.

Ресей экономикасы инфляцияның төмендеуімен қатар оң өсуді көрсетті. Қытай экономикасы инфрақұрылымға инвестициялармен және тұрғын үй құрылысын кредиттеумен қолдау көрсетілетін орнықты өсуді көрсетіп отыр.

3 жыл баяулаудан кейін 2017 жылы ел экономикасы жақсы қалпына келтіру серпінін көрсетті. 1-тоқсан үшін ІЖӨ нақты көрсеткіште  3,4%-ға ұлғайды. Біздің бағалауымыз бойынша, 2017 жылы экономикалық өсу қарқыны 3%-ға жуық болады, ал 2018 жылы  3,5-4%-ға дейін жеделдейді. Өсудің оң серпіні экономиканың барлық негізгі салаларында күтіледі, оның ішінде мұнайға жатпайтын сектор тарапынан жағымды үлес ұлғаятын болады.

Инфляция Ұлттық Банктің нысаналы дәлізі шегінде басқаруда тұр. Біз  экономиканың жылдамдық қарқынын төмендету тәуекелі  болғандықтан дезинфляциялық процестерді әдейі үдетпейміз. Ал экономика қазіргі уақытта өзінің әлеуетінен төмен жұмыс істейтін болғандықтан оның өсуі  проинфляциялық болып табылмайды.

Еркін өзгермелі айырбастау бағамы режиміне көшуден және экономика субъектілерінің жаңа талаптарға бейімделуінен кейін елдің валюта нарығы тұрақтанды. Теңгенің бағамы объективті факторларға сәйкес келеді және біздің өнім берушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі Ұлттық Банктің валюта нарығына араласпауы аясында өтеді. Біз 2016 жылғы қыркүйектен бастап өктемдік жүргізбейміз.

Бүгінгі күні 10,5%-ды құрап отырған базалық мөлшерлеме экономикаға ықпал етудің нақты құралы болды. Банктер ақша құны бойынша бағдар алды, өтімділікті басқару құралын алды және теңгемен қорландыруға арналған әлеуетті өсіреді.

Ақша нарығы қалпына келді және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы нарықтық талаптарға  сәйкес қайта іске қосылды. Қазір бұл нарықта  теңгемен ресурстарға деген әділ баға  қалыптасты.  Ұлттық Банктің  жылдық  ноттары соңғы аукционда 8,91% кірістілікпен шығарылды.

Тиісінше капитал нарығында жандану  байқалады. Ағымдағы жылы квазимемлектетік және мемлекетаралық институттар, сондай-ақ жергілікті  банктер айналыс мерзімі 3 жылдан бастап  7 жылға  дейінгі теңгемен  облигациялар  шығарды. Қазақстанның Даму банкі  жылдық 10,5% болатын кірістілігі 50 млрд. теңгені, Қазақстан ипотекалық компаниясы – жылдық 10,75% болатын 6 млрд. теңгеге  жуық соманы, Еуразиялық даму банкі – жылдық 10,1% болатын 15 млрд. теңгені тартты. Бұл ретте облигацияларға деген сұраныс ұсынылған көлемдерден асты. Муниципалдық облигацияларды шығару, сондай-ақ банктердің акцияларын бастапқы орналастыру жоспарланып отыр.

Эмитенттердің әлеуетті  инвесторлармен  тікелей  жұмысы  табысты  орналастырудың  кепілі болып табылады. Банктер, институционалдық инвесторлар, брокерлік-дилерлік компаниялар және олардың  клиенттері,  оның  ішінде  жеке  тұлғалар атынан нарық қаражатты қаржы құралдарына инвестициялауға дайын деп пайымдауға болады. Бұл жүргізіліп отырған саясатқа деген сенімнің қалпына келе бастағанын білдіреді.

Экономиканы долларландыру  әлі  де  болса  жоғары  (бұл тарихи тұрғыдан қалыптасқан) болып  отыр, алайда өткен  жылы жинақтау, есеп айырысу және активтер құнының өлшемі ретінде ұлттық валюта  теңге үлесінің  ұлғаюында  айтарлықтай прогреске  қол жеткізілді.

Бір жылдан асатын уақыт ішінде депозиттердің долларлану деңгейі 70%-дан 50%-дан төмен  деңгейге  дейін төмендеді.

 

* * *

Соңғы жылдардағы қиын макроэкономикалық жағдай банк секторына теріс әсерін тигізді. Қорландырудың қысқаруы және оның құнының ұлғаюы, тұтынушылық сұраныстың төмендеуі және рентабельді жобалардың тапшылығы жағдайында экономиканың нақты секторын кредиттеу процесінде банктік бизнестің тиімділігі төмендеді. Әсіресе бұл банк секторының көптеген бұрынғы проблемалары толық шешілмеген қазіргі кезде аса өзекті болып отыр.

Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында елдің қаржы секторын «қайта жаңғыртуды» жоспарлап отыр. Біз банк секторын оңалтудың көп қатысушылар үшін ауыр тиетінін түсінеміз, өйткені акционерлер тарапынан қосымша салым жасауды не басқа ойыншылармен бірігуді талап етеді. Банктер өзгеріп отырған макроэкономикалық жағдай, Базель III халықаралық ұсынымдарын енгізу, ДСҰ және ЕЭК шегінде қаржы шекараларын ашу кезінде бәсекеге қабілеттілікті күшейту қажеттілігін өздігінше түсінді. Сондықтан бүгіннен бастап бірқатар банктердің тарапынан бірігу жөніндегі бастамаларды көріп отырмыз.

Ұлттық Банктің тарапынан банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешені іске асырылады, онда банктер активтерінің сапасын бағалау қамтылады, ірі банктерге банктерді үстеме капиталдандыруға акционерлердің ортақ қатысуы қағидаттарымен мемлекеттік ресурстар есебінен қолдау бағдарламасы ұсынылады.

Шаралар кешені халықаралық қағидаттар мен практикаларға негізделеді. Ұлттық Банк 2016 жылы алғаш рет Базельдік консультативтік топтың мүшесі болды. Бұл ұйымға мүше болу қадағалау мәселелері жөніндегі сараптама кездесулерге қатысуға және Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің онлайн платформасына қолжетімділікті береді.

 

 

* * *

Тартымдылықты арттыру мақсатында бағалы қағаздар нарығын қайта жаңғырту бойынша шаралар қабылдаймыз. Эмитенттер үшін листингтік талаптар барынша жеңілдетіледі, инвесторлар үшін мүмкіндіктер кеңейеді. Реформалар қор биржасы ресми тізімінің құрылымына байланысты болады.

«Негізгі» алаңда акциялар мен облигациялардың ірі эмитенттері үшін  негізгі талаптар сақталады, ол инвесторлардың тәуекелдерін төмендету үшін объективті қажет.

Талаптары неғұрлым жеңіл «Баламалы»  алаң акциялар мен облигациялар эмитенттері ретінде шағын және орта бизнесті тартуға бағытталған.

«Аралас» үшінші алаңда исламдық бағалы қағаздар, инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары, туынды қаржы құралдары, МБҚ, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары сияқты секторлар қамтылады.

Бұл бағалы қағаздар нарығын жандандыру бағытындағы тек алғашқы қадамдар. Ағымдағы жылы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізе отырып, қаржыландыруға қолжетімділікті барынша жеңілдетуге мүмкіндік беретін қор нарығын дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдауды жоспарлап отырмыз.

* * *

ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстан инвесторлар үшін капиталды ауыстыру еркіндігіне шектеу қоймай және коммерциялық қызметті жүзеге асыруға кедергілерсіз ырықтандырылған валюталық режимімен тартымды болып қалып отыр.

Қазақстан  ДСҰ-ға қосылуына байланысты 2020 жылғы желтоқсаннан бастап шетелдік қаржы ұйымдарының Қазақстан нарығында филиалдар түрінде коммерциялық қатысуына рұқсат беру бойынша ерекше міндеттемелер қабылдады. Бұл валюта заңнамасын ағымдағы кезеңде өзгертуді талап етеді.

Ұлттық Банктің бастапқы ұстанымдары біршама агрессивтік сипатта болды. Дегенмен, талқылаудан кейін, оның ішінде шетелдік инвесторлардың талқылауынан кейін позиция жеңілдетілді және қажетті тоқтамға келді. Валюталық реттеу және шетелдік компаниялардың филиалдарының операцияларына репатриация режимінің ерекше жағдайлары көзделді, сондай-ақ Қазақстанның аумағында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың филиалдары арасында шетел валютасын пайдалануға рұқсат берілді.

Ұлттық Банк бұдан әрі диалог жүргізуге және шетелдік инвесторларды қоса алғанда, инвесторлардың пікірінше инвестицияларды тарту барысын қиындатуы мүмкін бизнестің ұсыныстары мен ескертулерін қарастыруға дайын.

Заң жобасы нормаларының сыртқы экономикалық қызмет үшін кедергі туғызбайтынын және еліміздің инвестициялық тартымдылығына теріс әсер етпейтінін тағы да атап өтемін.  

* * *

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау бойынша жұмыс жүргізілуде, заңнамаға тиісті түзетулер дайындалды.

Зейнетақы активтерін басқару нарығының тағы да бәсекелес болатынын атап өткім келеді. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін салымшының таңдауы бойынша жеке басқарушы компанияларға басқаруға беру мәселесі бойынша ұсыныстар дайындады.   

Жинақталған тәжірибені ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің валюталық бөлігін жаңа стратегиялық бөлу әзірленуде. Біз индекстік инвестициялауды облигациялар мен акциялардың жаһандық индекстеріне инвестициялауда  қолдануды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ шетелдік басқарушы компанияларды да тарту  көзделуде.

* * *

Қаржы нарығындағы бизнестің дәстүрлі сегменттерінен басқа Ұлттық Банк жаңа технологияларға, атап айтқанда blockchain, криптовалюталар, сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселелеріне айырықша мән беруде, себебі әлемдегі барлық жағдай цифрлы болуын ұлғайтуда.

Таяу уақытта біз осы мәселелер бойынша өзіміздің пайымдауымызды ұсына аламыз.

 

Назарларыңызға рақмет!

Tengri Partners» ЖШС-не «Tengri Capital MB» АҚ-ның ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Tengri  Partners» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Tengri  Capital  MB» акционерлік қоғамының ірі  қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру туралы 2017 жылғы 29 мамырдағы № 90 қаулысы қабылданды